Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысы негізінде төмендегі санаттарға жататын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек бөлінуі туралы мәлімет
ҚҰРМЕТТІ АТА-АНАЛАР!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 Қаулысы негізінде төмендегі санаттарға жататын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек бөлінеді:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі.
Қаржылай және материалдық көмек оқу жылына бір рет беріледі. Жан басына шаққандағы табыс мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш беру арқылы анықталады.
Егер отбасыға 1 айда кіретін орташа табысты жан басына шаққанда 35 838 теңгеге (кедейлік шегі) жетпесе бала 1 санатқа жататын отбасының баласы, 35 838 теңгеден жоғары бірақ 51 197 теңгеден (ең төменгі күнкөріс деңгейі) төмен болса 2 санатқа жататын отбасының баласы болып есептеледі.
Мектептен біржолғы қаржылық көмекті алу үшін E-gov порталына кіріп, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК/АСП) алу қызметіне электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе SMS-пароль арқылы қол қоя отырып онлайн тапсырыс бересіз. Сіздің өтінішіңіз аудандық/қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде және жергілікті әкімдікте қаралады.
Сіз E-gov порталына кіріп, өзіңіздің жеке кабинетіңізде («Алынған қызметтердің тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінішіңізді өңдеу туралы хабарламаны оқи аласыз. Егер сіз аталған санатқа (АӘК(АСП) алатын отбасы) жататын болсаңыз мектептің әлеуметтік педагогіне барып, өтінішіңізді жазыңыз. Сізге қаржылай көмек беріледі.